МАҚАТ АУДАНЫНЫҢ МЕДИЦИНАСЫНДА ТАРИХИ ЖАҢАЛЫҚ КҮРДЕЛІ ЭНДОСКОПИЯЛЫҚ ОТАЛАР ЕНДІ АУДАННЫҢ ӨЗІНДЕ


Мақат ауданының тұрғындары үшін медициналық көмек көрсету сапасын арттыру бағытында маңызды қадам жасалды.
2026 жылы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы мен Мақат ауданы әкімдігінің бастамасымен, NCOC компаниясының демеушілігі арқасынд Мақат аудандық ауруханасына әлемді деңгейдегі медициналық жабдық өндіруші Karl Storz компаниясының заманауи эндоскопиялық аппараты табысталды.
Бұл аудан медицинасының материалдық-техникалық базасын жаңғыртудағы және заманауи хирургиялық көмекті қолжетімді ету жолындағы маңызды жоба.
2026 жылдың қыркүйек айынан бастап Мақат аудандық ауруханасында алғаш рет эндоскопиялық әдіспен күрделі хирургиялық оталар жасала бастады.
Жаңа технологияны жергілікті мамандардың толық меңгеруі және хирургиялық көмекті аудан деңгейінде тұрақты түрде көрсету мақсатында аурухананың хирург дәрігерлері, реаниматолог-анестезиологтары мен мейіргерлеріне арнайы мастер-класс ұйымдастырылды.
Оқыту жұмыстарына Атырау облысының бас штаттан тыс хирургі Д. Шанаев бастаған тәжірибелі мамандар қатысып, жергілікті дәрігерлерге практикалық тұрғыда әдістемелік көмек көрсетті.
Ең бастысы жүргізілген оқыту мен практикалық тәжірибеден кейін Мақат аудандық ауруханасының дәрігерлері осындай күрделі эндоскопиялық оталарды өз беттерінше жасауға мүмкіндік алды.
Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасы алдағы уақытта да аудандық медициналық ұйымдардың заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне, дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға және медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған жұмыстарды жалғастырады.


Жарияланды: 23.09.202615:40

Автор: