Бала күнгі арманы математика пәнінің мұғалімі болу болса да, денсаулық сақтау саласын таңдаған Мардан Жәнділлә бүгінде мамандығы өзіне ұнайтындығын айтады

Елімізде маусымның үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Яғни, әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын, өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауатын ақ халатты абзал жандардың мейрамы.

Қоғамдағы аса жауапты саланы таңдап, ел тілегін жанына демеу етіп, Гипократық антына адал дәрігерлер біздің ауданымызда да жеткілікті. Солардың бірі – ақ халатты абзал жан Мардан Сәбитұлы.

Мұнайлы өлкеге киелі Түркістан жерінен келген Мардан бүгінде аудандық орталық ауруханада жалпы тәжірибелі дәрігер болып қызмет етеді. 1997 жылы Түркістан қаласында дүниеге келген ол, 2002 жылы сол жақтағы Ататүрік атындағы мектеп-гимназиясының табалдырығын аттайды. Кейінірек, 2009 жылы арнайы дарынды балалар мектеп-интернатына емтихан тапсырып, аталмыш білім ұясына қабылданады. 2014 жылы мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған ол сол жылы Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне медицина факультетіне оқуға түседі. Бала күнгі арманы математика пәнінің мұғалімі болу болса да, денсаулық сақтау саласын таңдаған Мардан Жәнділлә бүгінде мамандығы өзіне ұнайтындығын айтады. Себебі, науқастардың айтқан алғысы жұмысқа деген құлшынысты арттырады дейді.

«Бұл саланы таңдауыма ата-анам себепкер болды. Сол кісілердің денсаулықтарын қадағалау үшін осы жолда жүрмін. Жалпы, әкем – машинист көмекшісі, анам – шаштаразшы болып қызмет етеді. Өзімнен кейін інім мен қарындасым бар.  Ата-анам халықтың алғысын арқалаған маман бол дейтін. Ата-анамның батасы мен тілегінің арқасында бүгінде ақ халатты абзал жандардың қатарынан табылдым. Ал, бала күнгі арманым математика пәнінің мұғалімі болу еді. Бұл қол жетпес арман болып қалды.  Десе де, ешқандай өкінішім жоқ», – дейді абзал жан.

Жер әлемді дүрліктірген короновирус індетінің өршіген кезінде медицина қызметкерлерінің біліктілігі мен қайсарлығы оған тосқауыл болғандығы рас. Сондықтан, дәрігерлер – бейбіт күннің батырлары екенін нақты дәлелі осы болса керек. Кейіпкеріміздің де алғашқы еңбекке араласуы осы коронавирус кезімен тұспа-тұс келген.

@mardansabituly


Жарияланды: 19.06.202317:08

Автор: