Қр дсәдм-де халықты жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылады
Бүгін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Нүркинанаың басшылығымен бейнеконференция тәртібінде «Нұр Отан»
партиясының 2016-2020 жылдарға арналған «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасының «Жұмыспен қамту мен халықтың әлеуметтік осал тобын қолдау» бағдарламасы бойынша «Нұр Отан» партиясы комиссиясының отырысы өтті.
Шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясының мүшелері, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс, Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру аймақтық басқарма жетекшілері және т.б. қатысты.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму Министрі Тамара Дүйсенова отырыс қатысушыларына Нәтижелі жұмыспен қамту мен бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының жобасында қарастырылған тетіктер туралы мәлімдеді.
«Нәтижелі жұмыспен қамту мен бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы еңбек нарығына қажетті біліктілік пен дағдыларды алудың, жаппай кәсіпкерлікті дамытудың тиімді жүйесін құруға, еңбек делдалдығының, сонымен бірге, халықтың әлеуметтік осал тобын қолдаудың тиімді үлгісін құруға бағытталған. Оның негізгі мақсаты – өзін өзі еңбекпен қамтыған азаматтарды, жұмыссыздарды, өзге де біліктілігі жоқ адамдарды нәтижелі жұмысқа тарту», – деп хабарлады Тамара Дүйсенова.
Бағдарлама келесі мәселелері қарастырады:
1. Еңбек нарығының сұранысын ескере отырып оқыту (техникалық және кәсіби білімдері бар кадрларды даярлау, жұмыс кадрларын қысқа мерзімді кәсіби оқыту);
2. Кәсіпкерлікті жаппай дамыту (кәсіпкерліктің негіздерін оқыту, кәсіпкерлік бастамаларды несиелеу, микрокредиттерге кепілдік беру);
3. Еңбек нарығын дамыту (жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, еңбек ресурстарының жұмылғыштығын арттыру, еңбекке орналастыру бойынша бірыңғай ақпараттық базаны құру, инфрақұрылымдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтары арқылы жұмыспен қамту).
Бағдарламаның бірінші бағытының аясында азаматтардың өз бетімен жұмысқа орналасуы мен өз ісін ашуға мүмкіндіктерін арттыратын қажетті мамандықтар бойынша жаппай оқыту ұйымдастырылатын болады.
15-24 жас аралығындағы жастар колледждерде тегін кәсіби техникалық білім ала алатын болады.
25-44 жас аралығындағы қайта даярлауға мұқтаж азаматтар қосымша мамандық алу үшін қысқа мерзімді дуальді оқыту курстарын тегін оқи алады. Азаматтарды оқыту мен қабылдау аймақтар экономикасының қажеттіліктері мен жұмыс берушілердің сұранысы бойынша жүзеге асырылады. Оқытудың басым бөлігі кәсіпорындарда жүргізіледі.
Бағдарламаның екінші бағыты бойынша бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту мен ынталандыру үшін жағдай жасалмақ. Аталған мақсатта қазіргі таңда қолданылып жүрген бағдарламалардағы микрокредиттеудің барлық түрлері мен тәсілдерін біріктіру және ауылдар мен қалаларда микрокредиттеуді ұсыну қарастырылған.
Негізі мақсат – жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін микрокредиттеуді қолжетімді ету. Бұл оларға өз ісін ашуға немесе аясын кеңейтуге, кооперативтер құруға немесе кәсіпкерлікке қажетті инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді.
Кредит сомасын 16 млн. теңгеге дейін арттыру, өтеу мерзімін 7 жыл, ал кредит үшін жылдық үстемені 6%-да сақтап қалу жоспарланып отыр
Үшінші бағыт азаматтардың өзге санатын жұмысқа орналастыру үшін атаулы қолдауды күшейту, еңбек ресурстарының жұмылғыштығын арттыру мен еңбек нарығының инфрақұрылымын дамытуды қарастырады.
«Халықтың әлеуметтік осал тобын жұмысқа орналастыру «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасындағы тәсілдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады. Бұл – жастар, мүмкіндігі шектеулі әйелдер арасында сұранысқа ие жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар»,- деп түсіндірді Тамара Дүйсенова.
Еңбек ресурстарының жұмылғыштығын арттыру үшін жыл сайын ҚР Үкіметі анықтайтын аймақтарға өз еріктерімен көшірілетін азаматтарға мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қарастырылып отыр. Көшіруді ынталандыру мақсатында қолданыстағы әлеуметтік пакет (бейімделуге берілетін алғашқы қаржы, жол мен жүк шығынын өтеу) берілетін болады.
Еңбек нарығының инфрақұрылымын дамыту мақсатында жұмыс іздеу мен қызметкерлерді таңдау үшін Еңбек нарығының (Еңбек биржасы) бірыңғай ақпараттық базасын құру ұсынылады.