Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі

«Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деп Томас Карлейль айтқандай, денсаулық біздің ең бірінші байлығымыз. Ал денсаулықтың қорғаны – дәрігер. Рас, басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ақ халаттыларды іздей бастаймыз. Кез келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұруын басты назарда ұстайтын бұл мамандық иелерінің еңбектері ерен.  Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама?! Оларды «ақ желеңді абзал жандар, адам жанының арашасы» деп жатамыз. Жаны ауырған әрбір адамға қол ұшын беруге дайын тұратын ізгі ниетті жандар ортамызда баршылық. Солардың бірі – Доссор селолық ауруханасының дәрігері Жәйнагүл Күмісбаева. Дәрімен де, сөзімен де адам ауруына шипасын беріп, көңілге сәуле сеуіп жүрген жан туралы атаулы мерекелерінің қарсаңында газет бетіне жазуды жөн көрдік.

Жәйнагүл Қайыржанқызы 1974 жылы Доссор кентінде екі ағасы мен апасынан кейін төртінші болып дүниеге келген. Әкесі сол кездегі дүркіреген мекемеде көлік жүргізуші болса, анасы зейнет жасына шыққанға дейін ауруханада мейірбике болып қызмет еткен. «Анам лор дәрігердің оң қолы болатын. Кішкентайымнан оның жұмысына деген қызығушылығым мені дәрігерлікке алып келді деп ойлаймын», – дейді ақ халатты абзал жан балғын шағы туралы сөз қозғағанда.

Кейіпкеріміз В.Белинский атындағы мектептің табалдырығын 1981 жылы аттап, 1991 жылы үлкен өмірге қанат қағады. Араға бір жыл салып қазіргі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің емдеу факультетіне оқуға түседі. Ал 1998 жылы оқуын ойдағыдай аяқтайды. Өзі қалаған мамандықтың иесі болғаннан соң 4 ай интернатураны Атырау қаласындағы ауруханада өткізіп, 1999 жылдан бастап Доссор селолық ауруханасына жұмысқа орналасады. Ол кезде аурухана бір жағынан отбасылық амбулатория болғандықтан балаларды емдеген жас маман кейін өз мамандығы бойынша терапевт атанады. Содан денсаулық саласындағы өзгерістерге байланысты 2017 жылы қысқа мерзімді оқудан өтіп жалпы практика дәрігері болып қызметін жалғастырады. Бір жерде тапжылмай еңбек етіп келе жатырған Жәйнагүл Қайыржанқызы, бүгінгі күні артынан әріптестері ерген медицина саласының мықты маманына айналды.

@maqat_tynysy


Жарияланды: 19.06.202317:14

Автор: